Сәбит Дөнентаев (1894-1933)

 

Қазақ әдебиетінің  көкжиегінде қазан төңкерісінің алдында ғана биікке көтеріліп, сонымен қатар 20-30 жылдарда қуатты қалам тартқан көрнекті ақындарымыздың бірі - Сәбит Дөнентаев. Ол ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің елеулі бір өкілі, журналисі.

С.Дөнентаев 1894 жылы Павлодар облысы, Ақсу ауданында дүниеге келген. Әкесі өз заманының көзі ашық адамы болған. Ол ұлы Сәбитке жас кезінен білім беруді мақсат етіп, алдымен ауыл молдасы, 1908-1912 жылдары Павлодардағы татар және Қасым қажы медресесіне беріп оқытады. Төте оқуға негізделген Қасым медресесі дін ғана емес, арифметика, география, тарих, ана тілі пәндерін де оқытады. Бұл медресені аяқтаған Сәбит төте(жәдит) оқудың мұғалімі болады, сөйтіп 1913-1916 жылдары Павлодар облысы, Ұрық болысында ұстаздық етеді. Ақын С.Дөнентаев осы жылдары әдебиетке деген қызығуы арта түседі. "Айқап" журналы мен "Уақыт " газетін оқыған Сәбит замана жайын, саяси оқиғалар жайын ұғына түседі. "Айқапта" істеген досы, ауылдасы С.Торайғыровпен хат арқылы ("Досыма жазғаным") пікірлесіп тұрған. Осы кезеңде Абай, Тоқай шығармаларын оқып, өзі де ел тағдырын суреттейтін өлеңдерін жаза бастайды. "Қиялым" дейтін тұңғыш өлеңінің бірі 1913 жылғы "Айқап" журналының 22 санында жарияланды.

Үлкен әдебиетке жаңа келген ақынның халықты, прогресс, азаттыққа жеткізуге қалай талпынғанын білдіру ретінде жазылған бұл өлеңнің өзгеше мәні бар:

                                           Таза жүн, түсі әдемі бір құс болсам,

                                           Бұтаққа көңілім сүйген ұшып қонсам.

                                           Зарымды жұртқа айтарлық сайрағыш боп,

                                           Уа, дүние, шағып мұңым, көрсем шолпан.

Алғашқы өлеңде қазақ халқының басындағы ауыр жағдай, олардың азаттық аңсаған талабы жинақталған. Әдебиет әлеміне осылайша ел мұңын ойлай келген ақын 1915 жылы "Уақ-түйек" деген атпен екі бөлімді өлеңдер жинағын бастырып шығарды. Жинақта барлығы 44 өлең жинақталған. Бұл өлеңдердің көпшілігі ағарту рухындағы саяси лирика, ескілік сыны, бірқатары көңіл-күй жырлары болып келеді.

С.Дөнентаев 1916 жылдың дүрбелеңінде Екібастұзға барып жұмысқа орналасады. Бірақ ауыр жұмысқа жарамай, Семей уезінің Сейтен болысына мұғалім болады (Ригада қара жұмыста болады). 1917 жылы ақпан төңкерісі күндері ол патшаның тақтан кетуін қолап, өзінің "Бостандық" атты өлеңін жазады. Бірақ ақынның туған еліне шын мәніндегі бостандық әлдеқайда кеш тиген еді.

1917 жылы мамыр айында ақын Семейде "Абай" журналы мен "Сарыарқа" газетінің жұмысына араласады. 1919 жылдың соңына қарай еліне оралып, үйлі-жайлы болып, оқу-ағарту ісімен шұғылданады. Сібір жеріндегі Кольчак өкіметі құлаған езде С.Дөнентаев Павлодар ревкомының қаулысымен аудандық сот болып қызмет атқарады.

1924 жылы С.Дөнентаев Семей қаласындағы "Қазақ тілі" газетінде қызмет істейді. Жаңа қоғамға, жаңа әдебиетке еркін араласа бастайды. 1929 жылы ол Қазақстан жазушылар ұйымының мүшелігіне алынады. Аталған газетте жаңа тақырыпқа жазған өлеңдері, фельетон, әңгіме, очерк, мақалалары жарияланады.

1930 жылы С.Дөнентаев өз ауылына оралып, мұғалім болады. 1932 жылы қазан айында көптен қалмай жүрген безгек ауруы қозып, ауыр дертке шалдығады. Біршама уақыт төсек тартып жатады, 1933 жылдың 23 мамырында қайтыс болады.

Сәбит Дөнентаевтың революциядан бұрынғы поэзиясы

Ақын С.Дөнентаев төңкерістен бұрынғы әдеби әдісі, көзқарасы С.Торайғыровқа өте ұқсас. Баянауыл өлкесінен шыққан екі ақынның поэзия әлемінде көп ұқсастықтары бар. Екеуі де Абай ізімен әдебиетті үлкен қоғамдық мәселенің құралы еткен. С.Торайғыровтан кейін бірер жыл кейін ғана ақындық әлемге өз орнымен келген С.Дөнентаев өмір қайшылығын, тап, әлеумет, әйел теңсіздігін, оқу-білім, би-болыстардың озбырлығын жырлап, сол арқылы патшалық отаршылдық тәртіпті сынға алады. Бұл өлеңдерінде мәселені заман, өмір талабымен ұштастырып, түйінді ой тудыруға тырысады. 1915 жылы "Уақ-түйек" жинағында басылған көңіл-күй формасындағы өлеңдерінің басты тақырыбы жүрек, қиял немесе ақынның даралық сезімдері емес, көбіне аллегориямен жырланған прогресс, теңдік, еркіндік мәселелері болып отырады. Оған ақынның "Қиялыма", "Менің жайым", "Бұлбұлға", "Үміт" сияқты әлеуметтік теңсіздігі тақырыбына арналған өлеңдері жатады, ал "Заман кімдікі" т.б. өлеңдерінде қазақ халқының мешеулігін сынайды.

Сәбит Дөнентаевтың әлеуметтік теңсіздігі тақырыбы

Осы тақырыпқа арнап автор "Заман кімдікі" (1914), "Қайтып қарғыс алмайсың", "Ұлтшылға" (1915), "Өгей ұл", Екібаста" (1916) т.б. жазды. Олардың негізгі арқауы - кедейдің басындағы теңсіздік, ауыр хал, ел билеушілердің озбырдығы, жан-жақты қанаушылық, адам мінезіндегі азғындық.

1916 жылғы оқиғаға үн қосу ретінде жазған "Өгей ұл", "Екібаста" өлеңінде кедей басындағы ауыр халді көрсетеді. Өз ұлтының опасыз ұлдары 1916 жазалаушы жасаққа еріп, елдің еркіндікке ұмтылған ұлдарын жазаға тартып жатқанда, С.Дөнентаев халық жағына шығып оның мүддесін қорғайды. "Өгей ұл" өлеңінде байлардың өз інісінің жетім баласын құл, жалшы етіп, ақырында оны суыққа үсіріп өлтіргені сутеттеледі.

"Екібаста" өлеңінде ақын қазақ кедейлерінің ауыл арасында күнін көре алмай, өндіріске жұмскер болып жалданып, табысы тамағына да жетпей жатқаны суреттеледі, сөйтіп, өндірісте де өмірдің құйқылжып тұрмағаны айтылады.

                                           Завод тұр көк түтіні аспанға,

                                           Отырсаң шайға қанбай көзің терлеп.

                                           Қасаптан арқан бойы ет алуға

                                           Ерініп бір-біріне "әкел бар" деп.

                                           Тамаққа тапқан табыс жетпейтін боп,

                                           Айтқан көп елге сәлем "ас жібер" деп.

Кедей қауымының кәсіп іздеп қалаға ағылуы осы бір ааласапыран жылдары өте күшті болды. Бұл жаңалықтың басы, қазақ халқынының жұмысшы табының шыға бастауы болса да, көп қиыншылық, қанаушылық басым болып жатыр еді. Мысалы:

                                           Енде көп атарбамен ағылғандар

                                           Сандалып ақылынан жаңылғандар

                                           Қай жерде жөнді жұмыс кез келер деп

                                           Сартылдап ертелі-кеш сабылғандар.

Барлық ауыртпалық, теңсіздік кедей, жалшы басында болды. Осы бір жаңа көріністі кедейдің ескі ұядан кетуін ақын өте шыншыл суреттеген.

Осы өлеңдермен қатар заиан қайшылығын тереңірек көрсететін "Заман кімдікі" өлеңінің де маңызы зор. Мұнда ақын ел билеуші болыстардың озбырлығын ғана емес, патшалық саяси тәртіптің де әділетсіз екенін, оның күні жетіп, тозуға айналғанын айтады.

                                            Бұл заман байқағанға күштінікі,

                                            Азулы, тырнақты мен күштінікі

                                            Дүниенің патшалығы, батырлығы

                                            Тыпырлап тыныш жатпаған істінікі

                                            Жуас қой ен жайлаған қасқырдікі,

                                            Құл еркі - қожайыны, тақсырдікі

                                            Даулы мал - ебін тапқан шешендікі

                                            Пыш-пышқа бағы ашылған көсемдікі.

Сөйтсе де ақын "жансыздық іссіз қарап тұрғандікі, құр тілек құдай әбден ұрғандікі" деп оларды күнкөрістің жаңа түріне шақырады.

Сәбит Дөнентаевтың саяси сатирасы

Ақын С.Дөнентаев әлеумет теңсіздігі мен саяси тәртіп сынын сатира түрінде жырлайды. Оның үлгілері - "Бозторғай", "Қайтып қарғыс алмайсың", "Ұлтшылға", "У жеген қасқырғы", т.б. өлеңдер. «Бозтоғай» аллегорияға құрылған нағыз саяси  сатира, мысал үлгісі. Бұл шығармада ақын әлеумет теңсіздігін саяси тәртіп сынымен ұштастырған. Осы жағынан ол Абайдың "Ала қойлар" сияқты сатирасымен үндес. Бұл мысалдың негізгі кейіпкері - бозторғай езілуші елдің уәкілі. Әділет іздеген бозторғай ақырында бүркітті іздеп кетеді.

                                             Жеріне барам деген барып болды

                                             Бүркітке құс патшаға жолығуға

                                             Кезекті жер-жаһанды оңды-солды

                Мысал соңын автор:

                                             Тапқанын бүркітті іздеп таппағанын,

                                             Шаққанын ішкі мұңның, шықпағанын,

                                             Білмеймін әлі күнге естіген жоқ

                                             Жатқанын жаны тыныш жатпағанын -

деген эпилогпен қорытынды жасайды. Сөйтіп бұл мысал арқылы ақын тұтас саяси тәртіпті сынап, азатшыл бозторғай бейнесін жасайды. "У жеген қасқыр" парақор болыстың ел бүлдіріп, ақырында істі болғанын суреттейтін сатира. 1916 жылы елін сатқан кейбір билік басындағы адамдардың бейнесін ақын ұнамсыз пішінде суреттейді. Ал "Қайтып қарғыс алмайсың" өлеңінде ол халық, заман мұңынан аулақ, құлқын қамына түскен ұсақ пысықтардың екіжүзділігін, азғындығын сынайды.

                                             Жігіт-ақсың, маңдайсың,

                                             Келбеттісің қандайсың

                                             Биік-ақсың дардайсың

                                             Таудай болсын өз мінің

                                             Оған көзің салмайсың

                                             Жолдан тайған сорлының

                                          Қыр соңынан қалмайсың

                                             Мысқыл менен өсекке

                                             Шаршамайсың, талмайсың...

Бір кездегі Абай сынаған надандық, ұсақ мінез-құлық, пысықтықты С.Дөнентаев жаңа кезеңге лайық қайта жырлады, жаңаша сынады.

Сәбит Дөнентаевтың оқу-білім тақырыбы

Сәбит Дөнентаев ағартушы болғандықтан оқу-білім мәселесіне үлкен мән берген. Оның жарқын үлгілері - "Замандастар", "Талап", "Балалық", "Менің жайым" сияқты өлеңдер. Ақын алғашқы өлеңінде:

                                              Жабысайық өнерге

                                              Ынтықпай қарап өнерге

                                              Өзіміз керек демесек,

                                              Керек қып бізді келер ме,-

деп жастарды білімге шақырады.Бұл үшін жастар жаңалыққа жақын болып, іздену керек екендігін айтады. Оқу - тілмаш болу үшін емес, халыққа қызмет көрсету үшін қажет екенін ескертеді. Осы тақырыпқа жазған өлеңі "Балалықта" елдің жалпы прогреске жету идеясын насихаттайды. Мәдениетсіз ел - бала, сол балалық шақты тастау қажет дейді.

"Менің жайым" өлеңінің идеясы аса терең. Сырттай қарағанда ол көңіл жыры сияқты, бірақ көтеретін тақырыбы - ел басындағы мешеулік, надандық, еркінддік мәселелері. Сөйтіп Сәбит те өз дәуіріндегі өзге ақындар секілді халықты, жастарды оқуға, мәдениетке, өнер-білімге, техника үйренуге үндейді. Жоғарыда аталған "Замандастар" өлеңінде ізденіп, қажетті өнердің, ғылым мен білімнің еңбек етумен, талаппен ғана келер, табылар бақыт екендігін айтып, халықты осы өнер-білім жолында аянбай еңбек етуге шақырады.

Сәбит Дөнентаевтың әйел теңсіздігі тақырыбы

Ақын өзі өмір сүрген феодалдық қоғамдағы көп қайшылықтың бірі, күрделі мәселенің бірі адам бостандығын өз шығармаларына арқау етіп отырды. Оның тамаша үлгісі - "Жәмила қыз" (1915). Бұл тақырыпты ақын жалпылай жырламайды, нақты бейне, драмалық сурет жасай отырып, үлкен әлеуметтік негізде көтереді.

                                                 Қатыны өліп Бекіштің

                                                 Қызы бар деп Төкіштің

                                                 Іздеп келді алыстан

                                                 Бұрыннан да емес жат,

                                                 Құдандалы қат-қабат

                                                 "Қыз бермеймін кәрі" деп,

                                                 Жолатпады Төкіш бай

                                                 Үйге қайтты Бекіш бай

                                                 Жүзге малы толмаған

                                                 Жәмиласа зарлап жүр,

                                                 Көзінен жасы парлап жүр

                                                 Шайтан алсын, шал алсын.

                                                 Төкең байғұс мал алсын,-

деп қызын еріксіз малға сатқан дүниқоңыз әкені, сол заман ескілігін, адам еркіндігін аяққа басқан топастықты әшкерелеп, өткір сынайды. Ақын кейін осы тақырыпқа қайта оралып, қазақ қыздарының енді хат танып, жаңа өмірдің белсенді бір күрескеріне айналғанын тілге тиек етеді. Осы орындалған арманды ақын "Ерікті Айша", "Азат жетті", "Әйелдер мейрамына", "Әйелдер мектебіне" сияқты өлеңдеріне арқау етті. Осы тақырыптағы ұтымды шығармалардың бірі - "Ерікті Айша". Бұл өлеңде ақын Айшаның бұрынғы өмірі мен бүгінгі күнін салыстырып, соның еркіндікке жетуіне аса сүйсініп қарайды.

Сөйтіп ақын С.Дөнентаев өз поэзиясында адамзат арасындағы теңсіздікті феодалдық-патриархалдық әдет-ғұрпты, саяси тәртіпті сынап, елдің прогресс пен еркіндік жолына жетуге шақырады.

С.Дөнентаев өз дәуірінің алғашқы жинағы "Уақ-түйек" деп атады. Осы атау ақын өлеңдерінің бәріне сай келеді, лайық деуге болады, яғни Сәбит кілең ұсақ-түйек, қысқа шағын өлеңдер жазды, көлемді, кесек дүниелер бере алмады. С.Дөнентаев өлеңдері саяси, азаматтық лирика болып келеді. Ақын шығармаларында табиғат, махаббат, көңіл-күй лирикасы жоққа тән деуге болады. Ал бұл тақырыпқы жазған бірлі-жарымды өлеңдері: "Жүрекке", "Қаламға", "Жаз", "Ой" атты өлеңдерін төңкеріске дейін жазды.

Сонымен қатар төңкерістен бұрын жазған өлеңдері ішінде мысал өлең өте көп. "Бозторғай", "Ауырған арыстан", "Екі теке", "Көзі тоймаған ит" т.б.

Ақын мысалдардың кейбіреулерін татар халқының классик ақыны Ғ.Тоқайдан аударған, біразын, татар, орыс тілдеріндегі мысал, әңгіме, аңыздар ізімен өзінше өлеңмен қиыстырған, енді біразын қаазқ тұрмысынан алып, өзі жазған. Ақынның қай мысалы болса да көңілге қонымды, әрі терең мағыналы, күлдіргі, қызықты болып келеді. Осылардың ішіндегі шоқтығы биік "Бозторғай" екені ақиқат нәрсе. Сондықтан да ақынның өзін  қазақ әдебиетінің "Бозторғайы" дей отырып, мысал жанрының аса үлкен шебері деп айтуға толық хақымыз бар. Ақын төңкеріске дейін көбінесе мысал жазса, төңкерістен кейін көп жағдайда фельетон жазумен айналысты. Мысалы: "Портфель", "Әй жалған-ай", "Құсайынның арманы","Бір атбекеттің мінезімен", "Ақжорға шығыпты", "Жекен молда", "Нағиманың өкпесі", "Бөшкенің зары" т.б. Мысалы "Ақжорға шығыпты" деген фельетон-өлеңі" былай болып келеді.

                                                  Бүгін Жұман мекемеге

                                                  Одан келді кешігіп

                                                  Сонда дағы бір демеге

                                                  Асыққандай ентігіп

 

                                                  Бүгін үйге қонақ келіп,

                                                  Жұтылып ед жорға екең

                                                  Сол жақ жорға жуырда ғана

                                                  Кең дүниеге шығыпты.

                                                  Сонан жұтып біраз ғана,

                                                  Ағаң бүгін шынықты.

Сәбит өлеңдерінң тілі жартық, орамды, өткір келеді. Ақын сықақ, мысал, әзіл өлеңдерінде сол жанрдың өзіне лайық сықақ сөздерді, шет сөздерді орынды кірістіреді. Атап айтқанда "Нағиманың өкпесі" дейтін өлең-фельетонында:

                                                 Отыр ғой қанағат қып үш шарыпке

                                                 Пісті су айға үш-ақ сом да көп пе?

                                                 Жоқ жерден пісті сомға қараулық қып,

                                                 Нағышты өкпелетті Қасым текке.

Ақын ерекшелігі С.Дөнентаевтың өз стилі, ырғағы, алуан түрлі образдау тәсілі бар ақын. Ол өлең жанрын көңіл-күй, саяси лирика, сатира, күлдіргі мысал түрлерімен байытады. Сатирасының ашық және жабық формалары бар.

С.Дөнентаевтың өлеңдері өте қысқа, бірақ мазмұнды, ойлы, көркем жазылған. Ол ықшамдылыққа (локонизм) толы өлеңдермен-ақ образ тоқып, үлкен идеяны, терең ойды береді. Мысалы 1914 жылы жазылған "Бұлбұлға", "Биік тау" атты өлеңдері алты-сегіз жол ғана өлең, бірақ терең мағына, асқан образдылығымен құнды.

                                                  Зарландың көрмей дамыл не ай, не жыл

                                                  Сондағы бар мұратың бір қызыл гүл

                                                  Не гүл жоқ, не даусыңды тыңдаушы жоқ

                                                  Бейнеті босқа кеткен сорлы бұлбұл.

Сөйтіп елге азаттық іздеген ақын бейнесін осылайша жырлайды. С.Дөнентаевтың тілінде мысқыл, ирония, сықақ элементі аса көп. Комсомол сөзіндегі "Сыйға сыйлық" немесе "Шайтан алсын, шал алсын, Төкең байғұс мал алсын" деу ирония, сықақ. Ақынның тілі бай, сөздік қоры көл-дария, синоним баршылық. Ақын әрбір сөздің дәл мағынасын тауып, ойды да, өмірдің көрінісін де дәл суреттейді. Айтайын деген ойын созбай бірден бастайды. Мысалы, қазақ халқының отаршылдық қалпын елдің еркіндік арманын суреттегенде ("Менің жайым");

                                                  Кез келіп арыстанның арбауына,

                                                  Тап болдым қу түлкінің алдауына

                                                  Бірі ойнап, бірі шындап итермелеп,

                                                  Тықсырды жердің биік жарлауына

                                                  Кетуге су түбіне тұрмын таяу,

                                                  Қолымның қай тал жақын қармауына,- деп оқиғаны да, тақырыпты да бірден бастайды.

Сөзге сараң, ойға бай ақынның "Мені" - халық екені түсінікті. Ақынның образдау тәсілінде аллегориялар көп. Бірде ол бұлбұл, биік тау, үміт, қиялды, өз ойын халық тұлғасында хикаяласа, енді бірді бозторғай, сұңқар, қарға, көк төбет бейнелерін жасайды. Өмір қайшылығын адам мүдделерін, замандарды шендестіру - С.Дөнентаевтың образдау тәсілдерінің елеулісі.

Қорыта айтқанда С.Дөнентаев ғасыр басындағы және кеңес дәуірінің алғашқы жылдарындағы әдебиет тарихында үлкен орын алатын көрнекті суреткер, ойшыл, стилі айқын шебер ақын. Әдісі, көзқарасы ұқсас екі ақын да ұмытылмас ірі тұлғалар.